Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі
Оқу уақыты: 1 минут
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысымен бекітілген
ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН КӨЛЕМІНІҢ ТІЗБЕСІ
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне мыналар кіреді:
Жедел медициналық көмек
Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көрсетіледі.
Медициналық авиацияны тарта отырып көрсетілетін жедел медициналық көмек:
- пациенттің тұрған жеріндегі медициналық ұйымдарда медициналық бұйымдардың және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауына байланысты медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда;
- екінші және үшінші деңгейдегі медициналық көмек көрсететін мамандарды тағайындалған жерге жеткізу қажет болған кезде;
- пациентке тұрған жерінде медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған немесе тиімсіз болған жағдайда оны екінші және үшінші деңгейдегі медициналық ұйымдарға тасымалдау үшін;
- ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) кейінгі трансплантация үшін тиісті медициналық ұйымға тасымалдау мақсатында.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – АМСК), оның ішінде:
- ең көп таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару;
- халықтың нысаналы топтарын (балалар, ересектер) профилактикалық тексеру;
- аурулардың мінез-құлықтық қауіп факторларын ерте анықтау және оларды төмендету дағдыларына үйрету;
- иммундау;
- салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
- репродуктивтік денсаулықты қорғау жөніндегі іс-шаралар;
- жүкті әйелдерді бақылау және босанғаннан кейінгі кезеңде босанған әйелдерді бақылау;
- инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар.
Амбулаториялық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек
(уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен):
- АИТВ-инфекциясы мен туберкулездің алдын алу және диагностикасы;
- жарақаттар, уланулар немесе өзге де шұғыл жағдайлар кезіндегі қызметтер, сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және оларға күдік болған жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде сақтандырылмаған тұлғаларға мобильді бригада қызметтері;
- уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау және емдеу;
- уәкілетті орган айқындайтын тізбе мен тәртіпке сәйкес динамикалық бақылауға жататын созылмалы ауруларды диагностикалау және емдеу.
Стационарды алмастыратын жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек
(уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен):
- уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу;
- елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және оларға күдік болған жағдайда МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұлғаларға үйде стационар қызметтері;
- уәкілетті орган айқындайтын тізбе мен тәртіпке сәйкес динамикалық бақылауға жататын созылмалы ауруларды емдеу.
Стационарлық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек:
- айналасындағылар үшін қауіпті инфекциялық немесе паразиттік аурумен науқаспен байланыста болған тұлғаларды, сондай-ақ бактерия тасымалдаушыларды, вирус тасымалдаушыларды және қауіпті инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті тұлғаларды оқшаулау кезінде;
- уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша инфекциялық, паразиттік және айналасындағылар үшін қауіпті ауруларды емдеу кезінде;
- МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұлғаларға шұғыл нысанда, оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың қабылдау бөлімінде емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізу;
- уәкілетті орган бекіткен аурулар тізбесіне сәйкес жоспарлы түрде.
Медициналық оңалту:
- негізгі ауруды емдеу кезінде;
- туберкулезбен ауыратын науқастарға.
Паллиативтік медициналық көмек
Уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша.
Қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету
Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек кезінде, уәкілетті орган айқындайтын қанның, оның компоненттері мен қан препараттарының номенклатурасына сәйкес.
Патологоанатомиялық диагностика
Амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек барысында.
Қайтыс болған донорды дайындау
Ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау және тасымалдау.
Қазақстан Республикасы азаматтарын шетелде емдеуге жіберу
және (немесе) отандық медициналық ұйымдарда ем жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту – уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша.
Дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, арнайы емдік өнімдермен және иммунобиологиялық препараттармен қамтамасыз ету:
- денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда жедел және мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету кезінде;
- профилактикалық егулер жүргізілетін аурулар тізбесіне сәйкес АМСК шеңберінде;
- уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен қамтамасыз ету үшін АМСК және амбулаториялық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек шеңберінде.
